Биылғы жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанына екінші айдың жүзі болды. Осы аралықта қандай істер қолға алынды? Бұл қадам азаматтардың жұмысшы мамандықтарды игеруге деген ұмтылысына серпін бере ала ма? Көп жыл бойғы маман тапшылығы бір жылдық науқанмен шешіле ме? Бұл — көптің ойындағы сұрақ.

Оқу орнын бітірген жастар «жұмыс жоқ» дегенді жиі айтады. Қаламызда жұмыспен қамту орталығына 2 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген. Ал жарнамаларды қарасаңыз, кәсіпорындардың жаңа технологияларды меңгерген мамандарды іздеп жатқанын көресіз. Адамдар жұмысқа тұруға неге құлықсыз? Расында мамандар жоқ па? Әлде жастар ауыр жұмыстан жалтара ма? Мүмкін еңбекақысы мардымсыз шығар? Немесе жастардың еңбек тәжірибесі жеткіліксіз бе? Осы және басқа да мәселелерді талқылау үшін біз қоғамға қозғау салып, ой қосуды ұйғардық. Осы мақсатта «Отарқа» газеті редакциясында өзекті тақырыпқа арналған дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуға мансап орталығы маманы, колледж басшылығы, сондай-ақ, ардагер жұмысшы қатысты.
Жұмысшы мамандықтар жылында мемлекет тарапынан не атқарылуда дегенге келсек, ең алдымен ынталандыру шаралары қолға алынбақ. Атап айтсақ, колледждерде кәсіптік оқытуды қаржыландыру екі есеге арттырылады. Бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты қанағаттандыруға, білікті кадрлардың артуына жол ашпақ. Елімізде материалдық-техникалық базасы ескірген мемлекеттік колледждер саны 270-ке жеткен. «Жас маман» жобасы аясында солардың 180-і заманауи оқу құралдарымен жабдықталмақ. Бұдан басқа, жұмысшыларға арналған арнайы ипотекалық бағдарлама іске қосылды.

Мансап орталығы нарық сұранысын зерттеуге ниетті. Жұмыс іздеушілерді басқа мамандыққа бейімдеу, кәсіпорындармен серіктестік орнату бағыттарына басымдық беру жұмысшылар санын азайта түсері сөзсіз. Мансап орталығының жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі маманы Расул Алдабергенов осы мақсатта бірқатар шаралар қолға алынып жатқанын айтты.
— Мамандыққа оқыту бағдарламасы қажетті кәсіпке орай жаңартылып отырады. Дәл қазіргі уақытта курсқа талапкерлерді іріктеу жүріп жатыр. Биыл кәсіби оқыту курсын «Профессионал» ЖШС жүргізеді. Әлгінде айтқандай, нарық сұранысы аспаз, шаштараз, жиһаз құрастырушыларды талап етіп отыр. Осы уақытқа дейін курс бітіріп, сертификат алғандар 100 пайыз жұмысқа орналастырылды, — дейді маман.
Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдірудің 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Соның аясында еліміздің барлық аймақтарында кадр сапасын, беделін арттырудан басқа, нарық сұранысын ескеруге қатысты нақты қадамдар жасалмақ. Салалық жоспарға сәйкес, колледждер мен кәсіпорындар бірлесе жұмыс атқаратын болады.
Нарық сұранысына қатысты «Еңбек нарығына мониторинг жасала ма? Өңірдегі кәсіпорындарға қажетті мамандар оқытыла ма?» деген сұрақ айналасында Екібастұз инженерлік-техникалық институтының колледжі директорының оқыту-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Айгүл Бекишева кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастық күшейтіліп, колледжде жаңа бағыттар мен мамандықтар енгізілетінін атап өтті.

— Бізде бұл жұмыс бұрыннан жолға қойылған. Жыл басынан бері жаңа оқу бағдарламасын әзірледік. Осы орайда өңірдегі «Богатырь Көмір», «Проммашкомплект» ЖШС-тері, электр машиналары зауыты секілді 20-дан аса қала құраушы ірі кәсіпорынмен келісімшарт жасадық. Оларға қажетті машина жасау технологтары, жылу техниктері, электриктер, кеніштердегі көліктерге қызмет көрсетуші, электрмонтер, электр құрылғыларын жөндеуші слесарь, кең профильді құрылысшы және теміржол саласы мамандарын оқытудамыз. Студенттерге жұмысшы біліктілігін береміз. Осыларға қоса мектептерде ашылатын кәсіптік бағдар беруге арналған бейінді сыныптармен тығыз байланыс жасап, оқушыларға мамандық таңдауға дұрыс бағыт беруді қолға алмақпыз, — Айгүл Бекболатқызы.
Колледжде, сондай-ақ, дуальды оқыту бағдарламасы жолға қойылған. Студенттерге өндіріс орнынан қол үзбей, теориялық білімдерін практикалық жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік беріледі.
Қазіргі таңда еліміздің техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында 542 мың студент білім алып жатыр. Олардың 60 пайызы жұмысшы мамандар десек, соның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, ІТ, құрылыс және инженерлік секілді техникалық бағыттарға басымдық беріліпті. Статистика мәліметтерін әрі қарай сөйлетсек, Қазақстанда 400 мыңнан астам жұмысшы маманға тапшылық бар. Мамандардың есебінше, алдағы бесжылдықта бұл цифр 410 мыңнан асады. Өйткені биыл грант көлемі екі есе арттырылғанын ескергеннің өзінде, олар оқу орнын бітіргенше әлі бірнеше жыл маман тапшылығын сезінеріміз анық.
Қат мамандар тізімінің басында көлік, жүк көлігін жүргізушілер тұр. Елімізде 88 мыңнан аса жүргізуші жетіспейді. Соның ішінде такси жүргізушілері де бар. Бұл жерде индрайвер не яндекс такси қосымшасы арқылы салықтан жалтара отыра адам тасымалдайтындар емес, нақты таксопарктер туралы айтылса керек. Келесі кезекте — дәнекерлеушілер (18 мың). Бұдан кейінгі қатардағы монтаждаушы, құрылысшы, әрлеуші, суретшілер, сантехниктер тапшылығы 13 мыңнан асыпты. Аралас өнімдерді өндіретін 12 жарым мың жұмысшы, 11 мыңнан аса сылақшы, тракторшы қажет. Өнеркәсіптік жабдықтарды жөндейтін 8 мыңнан аса слесарь керек.
Жоғарыда жұмысшы мамандықтарына грант көбейгенін атап өттік. Бірақ бұл қадам жұмысшы тапшылығын шеше ме? Сол оқу орнын бітіргендердің бәрі мамандығы бойынша жұмыс істеуге ықыласты ма?
Айталық, ЕИТИ колледжін былтыр 200-ге жуық студент бітірген. Олардың бәрі бірдей мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр дей алмаймыз. Мұны мансап орталығының маманы да растайды.
— Орталыққа есепке тұрғандардың бірсыпырасының кәсіби жұмысшы мамандығы бар. Оларға мамандығы бойынша жұмыс ұсынуға тырысамыз. Жұмыс орны жәрмеңкелеріне қатысуға шақырамыз. Бірақ олар түрлі себеппен жұмысшы болып барғысы келмейді. Әзірге ондай азаматтарға түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын жүргізудеміз, — дейді Расул Ғазизханұлы.
Осы тұста көмір өндірісінің ардагері Арыстан Жұматұлы әңгімеге араласты. Ұзақ жыл «Богатырь Көмір» ЖШС-інде еңбек етіп, «Шахтер даңқының» толық иегері атанған А.Жүкенов бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр.
— Мен зейнетке шыққан жылы бір ғана біздің трактор-бульдозер учаскесінен жиырмадан аса адам зейнетке шықты. Олардың орнын жастар толықтырып жатыр. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі ауыр жұмысқа шыдамайды. Ондайда жастарға жұмыстың жайын үйретіп қана қоймай, ақыл-кеңесімізді де айтамыз. Жұмысшы кәсібінің жеңілі болмайды. Кеніште 150-280 метрдей шұңқырға түсетінбіз. Шаң-тозаңды айтпағанда, адамға ондағы қысымның өзі оңай емес. Үйренісу керек. Оның жемісін көру үшін тұрақтылық керек. Ал тұрақтылық шыдамдылықты талап етеді, — деген Арыстан Жүкенов аға буынның көзқарасын білдірді.
Оның айтуынша, өзі еңбек еткен кәсіпорын жұмысшыларды тек жалақымен қамтамасыз етпей, ынталандыру жүйесін жолға қойған. Жыл сайын Қазақстанның санаторийлерінде, жекеменшік медицина ұйымында тегін емделуге жағдай жасалған. Қаладағы сауықтыру орталығының ем-шипасын қабылдауға жеңілдік қарастырылған.
«Өзім демалыс орындарына 15 рет барыппын. Маңдай термен келген табыс берекелі болады емес пе, осы еңбекақымен төрт баламды оқытып, жеткіздім. Зейнетақының артық мөлшерін шешіп алып, пәтер алдық. Осыны көріп отырған ұлым менің жолымды қуып көмір кәсіпорнына жұмысқа тұрды», — дейді ардагер кенші.
Сонымен, жұмысшы мамандығына тапшылықтың бір себебі жастардың жұмысқа тұрақтамауында екен. Бұл проблеманы қалай шешуге болады? «Отарқа» газетінің журналисі Ж.Сәдуақасов жұмысшыларды ынталандыру үшін баспана алуға ссуда беру қажет дейді. 5-10 жылға ссуда алған жас маман сол аралықта ауыр жұмысқа бой үйретіп, білікті маман болары сөзсіз. Оған қоса бұқаралық спортты дамыту, медициналық сауықтыру секілді әлеуметтік жағдайды жақсартса, мұндай жұмыстан кім кетеді?
Жұмысшы мамандықтары жылында олардың беделін арттыру үшін не істемек керек? Ынталандырудың басты тетігі — жалақыны көтеру. Бұл тетік бірнеше жылда көп проблеманы шешіп, кәсіптік білім алуға жастардың ынтасын арттырар еді.
Г. МЕДЕУБАЙТЕГІ