1995 жылдың мамыр айында редакция тапсырмасымен Ақкөлге жол жүріп, соғыс ардагері Хамит Досжановпен үйінде жолықтым. Сол кезде жетпіс жасқа толған қарт өзінің майдан жолы жайлы әңгімелеп берген еді.

… Қашыр селосындағы орта мектепті аяқтар-аяқтамастан 18 жасар албырт жастың қолына әскерге шақырту қағазы тиді. Өзі сияқты кілең ұстараның жүзіндей қылшылдаған жас жігіттер әскери эшелонға тиеліп, батысқа бет түзеді. Солардың арасында кейіннен Кеңес Одағының Батыры атанған Махмет Қайырбаев та бар болатын. Алғашқыда бұлар Вологда қаласында әскери жаттығулардан өтті. Содан соң барып майданға аттанды. Хамит Жақияұлы алғаш рет шайқасқа Белорус жерінде 1-Белоруссия майданының 5-інші екпінді армиясының 1006-шы атқыштар полкінің құрамында енді. Бұл майданды даңқты қолбасшы Г.К.Жуков басқаратын.
Хамит Жақияұлы жаяу әскер сапында соғысты. Қарға адым жер үшін қан төгіп жүріп жа-уынгерлер азалы Белорус жерін басқыншылардан азат етті.
Осындай сұрапыл ұрыстарда ротадағы жауынгерлердің он шақтысы ғана тірі қалып жүрген сәттер де болды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» деген. Хамиттің көрер жарығы бар екен. Уыздай жалынды жас жан алысып, жан беріскен талай шайқастан аман шығып жүрді. Тәжірибелі қарулас достары мұны әр уақыт қатерден сақтандырып, бауырларына тартатын-ды.

— Сен әлі жассың. Соғыс болса аяқталуға жақын. Өмірің алда, — дейтін егде солдаттар бұған жанашырлық танытып.
Польшаны көктеп өткен соң біздің әскерлер қанқұйлы жаудың жеріне аяқ басты. Әсіресе, мықты бекініс шептері салынған Одер өзенінен өту қиямет болды. Өзеннің мұзы танктерді көтермейтін. Ал танктердің қолдауынсыз жаяу әскерге қиын-ақ. Жаудың бораған оғы астында ақыры өзенге көпір де салынды.
Қызыл Армияның тегеурініне шыдай алмаған фашистер кейін шегінді. Бірнеше күнге созылған ауыр шайқастардың бірінде жас жауынгер жараланып, әскери госпитальға түсті. Тұңғыш жауынгерлік ордені оны госпитальда тапты. Хамиттің өңірінде III дәрежелі «Данқ» ордені жарқырады.

Жарақатынан айығып қатарға оралған жауынгер фашизм ордасы болған Берлинді алу ұрыстарына қатысты. Қала қорғанысы берік еді. Аласұрған жау әр көшені қамалға айналдырып, жанталаса қорғанды. Талай боздақ жеңіске санаулы күндер қалғанда тас төселген Берлин көшелеріне жер құшты. Көше ұрыстарының бірінде Хамит Жақияұлы да жараланды. Сөйтіп, ол үшін соғыс аяқталды.
Госпитальдан шыққан соң оны Берлиндегі кеңес әскерлері құрамында қалдырды. «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын, «Қызыл Жұлдыз» орденін өңіріне қадаған жас жігіт бұл кезде жиырма жаста еді.
Хамит Жақияұлы Берлинде 2 жыл бойы әскери қызметте болды. Ол осында жүріп арнайы курстан өтіп, жүргізушілік куәлігін алды. 1946 жылдың аяғында әскери тапсырмамен ол командирін Мәскеуге жеткізді. Берлинге жаяу жеткен жауынгер Мәскеуге тізе бүккен жаудың «Опель-Кадет» машинасын мініп қайтты. Бұдан соң да әскери қызметте болған Хамит Жақияұлы ақыры елге оралды.
Ол 1952 жылы Ақкөлге қоныс аударды. Өйткені «Ақкөл» кеңшарының №1 фермасы — Ортақоға ауылы оның арғы аталарының қонысы болатын. Сол маңдағы Сәурік деп аталатын жерде «Жеті қажы» қорымы жатыр. Ескі қорымда жерленген қажылардың бірі — Досжан қажы. Ақкөл-Жайылма қанжығалылары ішінен ХІХ ғасырда қажылық парызын өтеген дәулетті адамдар болған. Олардың Мекке- Мәдинаға сапар шегуіне Исабек ишан ықпал еткен. Досжанның әкесі Сарман — қажылыққа үш рет барған адам. Үшінші мәрте жол жүрерде әулие Исабек ишан: «Сарман, сенде жоқ шығар арман», — деп батасын берген екен. Сарман қажы алыс сапарға бәйбішесін, ер жеткен баласы Досжанды ілестіреді. Жасы ұлғайған Сарман қажы мен бәйбішесіне топырақ қасиетті Меккеден бұйырып, баласы Досжан қажы әке-шешесін өз қолымен жер қойнына беріп, елге қайтады. Арада жылдар жылжып, қазақ даласында кеңес өкіметі орнығып, бай-бағланға қоса діндар адамдар да қудаланады. Сол кезде Досжан қажының баласы Жақия әуелі Ресейдің Кемерово жағына кетіп, кейін заман тынышталған соң Қашыр ауданының «Октябрь» кеңшарына көшіп келеді. Жақия шаруашылықта — малшы, зайыбы Қоңырбай сауыншы болып еңбек етіп, жалғыз ұлдары Хамитті ер жеткізеді.

Ақиқатын айтсам, сонау 1995 жылы әңгімелескенде Хамит аға өзінің ата тегі жайлы әңгіме қозғаған емес. Бәлкім мен сұрамаған соң үндемеген шығар. Сөйткен Хамит Жақияұлы келесі 1996 жылы 11 қыркүйекте өмірден өтті. Майдангер о дүниелік болғанымен, артында ұрпақтары қалды емес пе. Таяуда Хамит марқұмның тұңғышы Сағынтай ағамен әңгімелесіп, әулет тарихына қанықтым.
— Ел ішінде Сарман қажыны — үлкен қажы, Досжан қажыны кіші қажы деп атайды екен. Ортақоға ауылының сыртында Сарман қажы салдырған мешіттің жұрты жатыр. Сонау бір жылдары немересі Уәжит Мекежанов бас болып қоршауын жаңалап, белгітас орнатты. Айтпақшы, Сарман қажының Мекке-Мәдинадан әкелген үш діни кітабының бі-реуі Уәжит ақсақалдың қолын-да сақталған. Ал әкем Хамит жайлы айтар болсам, 1954 жылы Шайза Қылышбайқызына үйленіп, 1986 жылы зейнеткер атанғанша «Ақкөл» кеңшарында еңбек етіп, абыройға бөленді. Көптеген соғыс ардагерлері сияқты, соғыс жайлы айтқанды ұнатпаушы еді. Әйтсе де әкемнің: «Жетіжылдық орыс мектебін бітіргенімнің көмегі тиіп, соғыстан соң шопырлық курста оқып, жүргізушілік куәлігін алдым. Сол кәсібім өзіме өмір бойы азық болды» деген сөздері есімде сақталыпты, — дейді Сағынтай Досжанов әңгімесінде.
Айтпақшы, «Ақкөл» кеңшарында жалғыз кран автокөлігі болды. Хамит Досжанов жиырма жылдан астам сол кранды тізгіндеп, жүк түсіріп, жүк тиеп, шаруашылыққа зор еңбек сіңірді. Ауылдың үлкен-кішісі оны «Кран Хамит» атап кетуі де ерекше ілтипат пен құрметтің белгісі емес пе. Хамит Досжановтың ұлдары Сағынтай, Сағидолла, Мұрат пен Мейрам да «әке көрген оқ жонар» демекші, техникаға жақын өсіп, еңбек жолдарын шопырлықтан бастап, кейін өмір ағымымен түрлі салаларға жұмысқа ауысты. Солай болғанымен, ақкөлдіктер әлі күнге дейін Досжановтарды «шопырлар әулеті» деп біледі.
Енді әуелгі сөзге оралсам, осыдан отыз жыл бұрын майдангермен көзі тірісінде әңгімелесіп үлгергенім, бүгінде ойша таразыласам, олжа болыпты. Сұрапыл соғысты басынан кешірген жауынгердің өз аузынан естіген әңгіме әрқашан құнды емес пе. Биыл, міне, Жеңістің 80 жылдығын атап өтер шақта сол әңгімелерді жадымызда тағы бір мәрте жаңғыртып, реті келсе тың деректермен толықтыру да ұрпақ үшін маңызды деп білеміз.
Ж. Жәлелұлы