Әр сенбі сайын «Халық базарында» болатын ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне әдетте ерте барушы едім. Бұл жолы асықпай, өз есебім болғандықтан, таңғы сағат он шамасында базар қақпасынан ішке кірдім. Ерте барғанда абыр-сабыр болып жататын жәрмеңкенің сәні мен мәні кетіп қалғанын бірден-ақ аңғардым.
Сауда жасап жүрген адам сирек, базар ауласында көкөніс тиеген көліктер көрінбейді. Сырттағы сөрелерде жылқы еті ғана сатылып жатыр. Сиыр еті жоқ. Бәлкім жабық базардан табылар деген үмітпен солай қарай жылжыдым. Мұнда да самсап тұрған жылқы еті, сиыр еті — нырай.
— Сиыр етіне сұраныс күшті. Бірақ бұрынғыдай емес, ауыл-ауылдан қара мал еті келмейді. Тапшылық пайда болған соң, бағасы өседі емес пе. Бүгінгі күні сиыр етінің көтерме бағасы 3 мың теңгеге жетті. Баға осылай шарықтап тұрғандықтан, шаруалар жәрмеңкеге арзан бағамен ет өткізуге құлықсыз, — дейді ет саудалаушы әйелдер мән-жайға қанықтырып.
Әңгімені сыртта Болат атты жігіт жалғастырды.
— Ауыл-ауылды аралап базарға ет тасумен шұ-ғылданушы едім. Нәпақамды айырып жүрген кәсібім енді тоқтап тұр. Шаруалар басы артық қара малды күзде жаппай тапсырып жіберген. Союға жарайтын мал аз. Бірен-саран мал шықса, сонау Астанадан келген ілкімді жігіттер өздері сойып, тәуір бағаға әкетіп жатыр, — деді ол ел ішіндегі жағдайдан хабардар етіп.
Жәрмеңкеден бірнеше ауыл әкімін де жолықтырдық.
— Біздің ауылдан екі қара мал еті жеткізіліп еді, жәрмеңкеге ерте келгендер пышақүсті талап әкетті. Жәрмеңке талабымен 1 килосы 2300 теңгеден сатылды, — дейді әкімдердің бірі.
Қысқасы, мұндай бағамен жәрмеңкені сиыр етімен қам-тамасыз ету алдағы уақытта проблемаға айналары хақ. Өйткені бүгінгі күні шаруалар қара мал етін нарықта қалыптасқан көтерме бағамен дүкендердегі ет бөлімдеріне немесе базарларға тапсыруға көшкен. Осы орайда «Сиыр еті қайда?» деген сұрақ туады. Шама-шарқымызша жауап беріп көрейік.

Соңғы жылдары өңір шаруалары бір жасқа толмаған бұзауларды күзде ірі бордақылау алаңдарына тиімді шартпен өткізіп жібереді. Оған қоса ет нарығына Өзбекстан кәсіпкерлері килігіп отыр. Олар еркек-ұрғашысы, арық-тұрағына қарамай келісімді бағаға ауыл-ауылдағы қара малды тиеп әкетеді. Естуімізше, былтыр күзде бастапқыда бұқашықтарды 180 мың теңгеге, одан кейін 250-260 мың теңгеге сатып алған көрінеді.
Осылайша, бір ғана ауылдық округтен шамамен 1000-1500 бас қара мал не бордақылау алаңына, не Өзбекстанға жөнелтілген. 2024 жылы елімізден 74 мың тонна сиыр еті экспортқа шығарылыпты деген дерек бар. Мұндай біржақты саясаттың соңы ішкі нарықта-ғы сиыр еті тапшылығына ұрындырып отыр деуге болады. Әрі бұл тапшылық күзге дейін, яғни, биылғы төл өсіп-жетілгенше жойылмайтын тәрізді.
Айтпақшы, сиыр етін іздеп жүріп базар ауласындағы ет өнімдерін саудалайтын «Асхат» дүкеніне бас сұқтым. Сөреде — тағы жылқы еті.
— Сиыр еті бар ма? — деп сұрап едім, сатушы бала: «Міне», — деп, шыны сөренің бұрышында жатқан екі бөлек етті көрсетті. Төс әлде жауырын, бағасы үш мың теңгенің үстінде.
Сөз арасында айта кетейін, мен тұратын 8-шағынаудандағы дү-кендерден де сиыр етін таппайсыз. Бәрі жылқы етін сатуға көшкен. Әйтеуір қазір жылқы еті мол. Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде Қамбар ата түлігі 4 миллион екен. Десек те тақырыптан ауытқымай, жәрмеңке жайлы сөзді түйіндейік.
Ақпарат көздерінде жазылып жатқандай, биыл картопқа да зәрулік туып отыр. Павлодар қаласындағы бағаны тұрақтандыру қорынан жеткізілген 1 тонна картоп жәрмеңкеде килосы 150 теңгеден сатылған екен, лезде өтіп кетіпті. Ал дүкендегі бағасы 350-400 теңгеден кем емесі белгілі.
Кез келген өнімнің тапшы болуы нарықтағы бағаны өсіретіні — дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Соған қарағанда, сиыр еті де, картоп та жазғытұры тағы қымбаттайды деп болжауға болады.
Ж. Бұланбай