Былтыр көктемде елімізде көптеген елді мекенді су басқанын жұрт ұмытпаған шығар. Биылғы жазғытұры сондай жағдай қайталанбауы үшін үкімет атқарушы билікке су тасқынын бөгеуге қатысты іс-шаралардың байқауын ұйымдастыруға тапсырма беріпті.
Осыған орай 14 ақпан күні қала сыртындағы ипподром маңында Екібастұз қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасы қызыл сумен күреске жұмылдырылатын адам күші мен техниканың әзірлігін пысықтады.

Мұнда жүзге тарта әр түрлі техника сапқа тізілді. «Екібастұз-коммунсервис», «Диас Дар» сияқты коммуналдық кәсіпорындардың тракторлары мен жүк көліктері, төтенше жағдайлар басқармасының меншігіндегі су соратын техника мен қайықтардың дайындығын төтенше жағдайлар басқармасы басшысы Асхат Құсайынов қала әкімінің орынбасары Қаныш Әділжановқа көрсетіп, пікір алмасқан соң, құтқарушылар жасағы сол маңдағы көлден ойықтар ойып, мотопомпалармен су сору жаттығуын жасады.
— Екібастұз өңірінде екі елді мекенде: Қоянды мен Бәйетте қар қалың. Қар күрт еритін болса, қызыл судың жүруіне әзір болып, алдын алуға тиістіміз. Ол үшін адам күші мен техника жеткілікті деп ойлаймын, — дейді Асхат Құсайынов.
Ал қала әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов бюджеттен қаражат қарастырылып, елді мекендердегі қарды сыртқа шығару жұмысы 1 наурыздан бастап қолға алынатынын айтты.
Ж. Жәлелұлы