Алимент — қоғамдағы сыздаған жараның бірі. Бір жағынан, адамгершілік өлшемі десек, екінші жағынан, қоғамдағы әлеуметтік һәм психологиялық ахуалдың көрсеткіші. Алимент мәселесінің күрмеуін шешуді көздеген небір жаңа заңнамалар шыққанымен, түптеп келгенде, проблеманың шешімі адами жауапкершілікте жатқаны айқын. Десе де заң тегеурінінің талай баланың тағдырына септігін тигізіп жатқаны хақ. Бұған Павлодар облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Серік Қасенов атаған сандар айғақ.
— Серік Оразғалиұлы, бүгінгі таңда алимент өндірумен Екібастұз өңірінде үш жеке сот орындаушысы айналысады екенсіздер. Әңгімемізді статистикалық көрсеткіштерден бастасақ… Сіздің кеңсеңізде қанша атқарушылық іс бар және олардың нәтижесі қандай?
— 2024 жылы облыс аумағындағы жеке орындаушылардың атқарушылық өндірісінде 20 124 іс болып, 1 млрд 72 млн теңге өндірілді. Алимент берешегін өндіру жағынан Павлодар облысы республика бойынша 3-орында тұрғанын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта менің қолымда жалпы берешегі 207 372 933 теңгені құрайтын 1600 атқарушылық іс бар, оның ішінде 400 борышкер — жұмыссыз азаматтар. 111 азаматты ауызекі тілде өзіміз «үмітсіз» деп атаймыз: олар не жұмыс істемейді, не бұғаттайтындай мүлкі, не көлік жүргізетін куәлігі жоқ. Мұндай борышкерлер саны, өкінішке қарай, өсіп отыр: облыс бойынша 2023 жылы 331 атқарушылық құжат болса, 2024 жылы 948-ге жетті. Алимент өндіруде тек қана проблемалы борышкерлер емес, проблемалы жұмыс берушілер барын да атап өткім келеді. Мәселен, «Бас карьер» ЖШС тарапынан алиментке қатысты сот шешімін орындамау фактілері кездесті. Мұндай заң бұзушылықтар үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 670-бабында (сот орындаушысының, сот приставының қаулысын және өзге де заңды талабын орындамау) жауапкершілік қарастырылған. Борышкерге қатысты қолданылып жүрген мәжбүрлеу шаралары — борышкер қарызын 3 ай дересінде төлемесе, шоты бұғатталып, елден шығуына тыйым салынады, қарызын 3 айдан артық мерзім төлемеген азаматтарды сот арқылы көлік жүргізу куәлігінен айыру қолданылып жүр. 2024 жылы жеке сот орындаушыларының ұсынуымен облыс көлемінде 38 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, алимент өндіруге қатысты 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың 4-і менің өндірісіме тиесілі. Оларға негізінен 1 жыл шартты мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды. Түрлі органдармен біріккен жұмыстар нәтижесінде облыс бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669-бабы аясында 130 борышкер айыппұлға тартылып, 192-сі қамау түріндегі әкімшілік жауапкершілік арқалады.
— Өзіңіз атағандай, борышкерлердің арасында жұмыссызы да, «үмітсізі» де аз болмағандықтан, өндіру саласы жеке сот орындаушыларынан кешенді жұмысты талап етері сөзсіз. Бұл тұрғыда өзге органдармен байланыстарыңыз қаншалықты дамыған?
— Былтырғы жылы Өңірлік палата мемлекеттік және құқық қорғаушы органдармен әлеуметтік маңызға ие істер турасында 18 кездесу өткізді. Онда рейдтер өткізу, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру, мемлекеттік органдардың сот орындаушыларымен өзара іс-қимылы жайы талқыға түсті. Полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе өткізілген 26 рейд кезінде атқарушылық құжаттар шеңберінде 12 автокөлік арнайы тұраққа тоғытылды. Соның ішінде құны 28 500 000 теңгеге бағаланған 8 автокөлік қарызды өтеуге берілді. Әлі де 40 автокөлік іздестірілуде. Сонымен қатар, 600 аула (пәтер) аралау шарасы жүргізілді. 36 526 602 теңгеге бағаланған 11 жылжымайтын мүлік сауда-саттық арқылы немесе қолма-қол өндіруші тарапқа берілді. Бұл — облыс бойынша атқарылған шаралар. Және атап өтерлік жайт, өзге органдармен қарым-қатынасымыз кіріктірілген ортақ база арқылы жолға қойылған, мәселен, көлік жүргізу куәлігінен айырылған борышкерге қатысты деректі беру үшін біз МАИ қызметкерін іздеп жүрмейміз, бәрі базадан көрініп тұрады. Өзімнің атқарушылық өндірісімнен былтыр 10 борышкердің көлік жүргізу құқығы тоқтатылды. Айтпақшы, қазір ойыншы азаматтардың ойын автоматтарынан тапқан пайдасы туралы мәліметтер де біздің қолымызға түсіп отырады, бірақ олардың ұтқан ақшасын қалтасында сақтап отырмайтыны анық…
— Сонымен, соңғы жылдары заңнамаларға енгізілген өзгерістер алимент өндіру ісін алға бастырды деп айта аламыз ба?
— Заң күшейгенімен, қарыз сомасы азайды деуге келмес. Мәселен, Белоруссияда 3 ай алимент берешегін төлемеген адам бас бостандығынан айырылады. Борышкерлер түрмеде жұмыс істей жүріп, қарызын жабады. Бізде олай емес: борышкер түрмеге қамалса да, бәрібір төлейтін ақшасы жоқ. Ал Өзбекстанда сот орындаушылары прокуратура қарамағында екен, ол жақта ажырасу да жоқ қой. Өз өндірісімдегі 1 жыл шартты мерзімге кесілген 4 азаматтан бала-шағасына бір теңге де түспегеніне назар аударғым келеді. Бір жақсысы, қазір некені бұзу кезінде алимент мәселесі бірге қаралатын болды: бұл да көп шаруаны жеңілдетті деуге болады.
— Жеке сот орындаушыларының жұмыспен қамту ісімен де айналысатынын аңғардық.
— Иә, біз жұмыспен қамту органдары ұйымдастыратын еңбек жәрмеңкелері-не белсенді атсалысамыз. Мәселен, былтырғы жылы облысымызда жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа ұйымдастыру мақсатында 12 бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыспен қамту орталықтарына шақыру туралы облыс көлемінде 613 шақыру қағазы таратылып, 288 азамат жұмысқа орналастырылды.
— Жалпы, біз борышкерді кінәлі санауға әдеттенгенбіз. Олардың да «өз шындығы» бар шығар…
— Кейбір азаматтардың екі-үш әйелден бірнеше баласы болады. Сондай жағдайда заң білместіктен жапа шегетіндер көп. Борышкер сотқа алимент көлемін азайту туралы өтінішпен жүгінсе, қарыз сомасын азайту мүмкіндігі бар. Алимент төлейтін адамның ресми түрде жұмыс істегені абзал. Себебі жұмыс істемейтін борышкерге ай сайынғы қарыз орташа жалақыдан (434 982 теңге) есептеледі, бұл дегеніміз — бір балаға 108 745 теңге.
— Әңгімеңізге рахмет, Серік Оразғалиұлы! Сіздің сұхбатыңыз борышкерлерді оң қадамға жетелейді деп сенейік.
Сұхбаттасқан:
Жанаргүл Қадырова