Жексенбі күні «Maxi Mall» сауда үйінде аспалы темір төбе адамдар тамақтанатын орынға (фудкорт) опырылып түсті. Құлаған жердің ауданы — шамамен 150 шаршы метр.
Оқиға кешкі алты шамасында болған. Әдетте бұл уақытта аталған сауда-сауық орталығының үшінші, төртінші қабаттарында демалушылар көбейе түседі.
Құтқарушылар сауда үйіне жетіп, ондағы адамдарды эвакуациялады. Басы аман қалғанына қуанған олар медициналық көмекке де мойын бұрмады. Шамасы, ет қызуымен байқамаса керек. Бірақ арада жарты сағаттай уақыт өткенде қалалық ауруханаға жарақат алғандардың алғашқысы барып хабарласады.
Оқыс оқиғаға байланысты қала әкімдігінде жедел жиналыс өткізілді. Оған дербес бөлім басшылары, ТЖ басқармасы өкілдері мен «Maxi Mall» сауда-сауық орталығы басшылығы қатысты. Басқосуда қала әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов сауда үйіндегі төтенше жағдай туралы айтып, адам шығыны болмағанын жеткізді.
Бұдан әрі ТЖБ басшысының міндетін атқарушы Дәурен Қажкәрімовке сөз берді.
— Медициналық көмекке жүгінгендердің жалпы саны — 6. Олардың жарақаты да түрлі деңгейде. Біреуі иығынан жарақаттанған, енді біреуі дүрбелең кезінде аяғын қайырып алыпты, — деді оқиға туралы тарқата айтқан ТЖБ өкілі.
Дәурен Асқарұлының айтуына қарағанда, жарақат алғандардың басым бөлігі — жасөспірімдер. Басынан соққы алған жасөспірімге дәрігерлер миы шайқалған деген диагноз қойыпты. Ауруханаға көрінуге келгендердің барлығы дерлік амбулаториялық емді жөн көріпті.
Полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов аталған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы, 2-тармағы, яғни, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады. Аталған баптың осы тармағында белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қала прокуроры Қанат Атығаев та жағдайдың бақылауда екенін жеткізіп, ғимаратты іске қосу қаншалықты қауіпсіз екеніне алаңдаушылық білдірді.
— Ғимараттың 1, 2-қабаттары бүгін штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал жоғарғы қабаттарды баннермен бүркеп қойдық, — деп мәлімдеді мәселеге қатысты «Maxi Mall» сауда-сауық орталығының коммерциялық директоры Арман Джамбусинов. — Сауда үйінің жұмысын толықтай тоқтату дұрыс емес деп санаймын. Себебі ондағылардың бәрі — жалақыға сеніп, несие төлеп отырған адамдар. Бұл мәселенің осындай екінші жағын ойламасқа болмайды.
А.Джамбусинов осылай дегенімен, сол күні, яғни, 17 ақпанда орталықтың жоғарғы (3,4) қабаттарындағы зақымданған бөлігінен басқа тұсының бәрі, тіпті балалар ойын алаңы мен тамақтану қызметі де жұмыс істеп тұрғанын көрдік. Екі қабатта да жасөспірімдер алаңсыз демалып отыр.
Айта кетсек, төтенше жағдай болған күні тағамға ақысын төлеп, тамақтанып үлгермегендер, кинотеатрға сол және келесі күндерге билет алғандардың ақшасы қайтарылады. Ол туралы сауда орталығының әлеуметтік парақшасына хабарландыру беріледі.
Гүлсана Медеубайтегі