Төртүй ауылы тұрғыны Зарлық ақсақалдың қара шаңырағының табалдырығын аттаған сәтте ақын Сағи Жиенбаевтың «Дүниеге келер бір рет, Дария — кеуде, Тау — мүсін, Құрыштан құйған құдірет, Қарттарым аман-саумысың» деген әйгілі өлеңі ойыма оралды. Қария күтініп отыр екен, бірер сағат емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық. «Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» демей ме, уақыттың қалай өткенін сезбей де қалыппыз.
Айтпақшы, Зарлық ақсақалмен таныс болғалы шамамен отыз бес жыл өте шығыпты. Ол уақытта қария ердің жасы — елудегі жігіт ағасы еді. «Екібастұз» кеңшарындағы озат шопырлардың бірі, екпінді еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Күз, астық орылып жатқан кез. Іссапармен барған мені егінжайдан ауыл ішіндегі қырманға жеткізді. Жол үстінде сөзіміз жарасып, ол әдебиет, тарих жайлы әңгіме қозғап, оқығаны мен тоқығаны көп екендігімен таңдандырған-ды. Сол алғашқы жүздесуден кейін де Зарлық ағамен талай мәрте жолығып, сырласу қуанышы бұйырды. Кездескен сайын әр қырынан құбылып, әр түрлі сәуле шашатын жақұт тас сияқты, жан дүниесі жарқырап көрініп, бұрын айтылмай қалған дәмді де мәнді әңгімесін тыңдап, олжалы болып жүрдім. Бұл жолы да солай болды.
Десек те оқырманға әуелі кейіпкеріміздің өмір жолы туралы аз-маз айта кетейік. Зарлық Саржанов 1940 жылы 18 ақпанда Төртүй ауылында өмірге келіпті. Әкесі Мұхитжан Дүйсенбайұлы — комбайншы, анасы Зура Таңабаева отағасын күтіп, балаларды бағып-қағыпты. Зарлық қария отбасындағы 8 перзенттің екіншісі екен. Ауылдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң ДОСААФ-та оқып, жүргізуші куәлігін алыпты. Сөйтіп, он жеті жасында «ЗиС-5» жүк көлігінің шопыры болады. Кабинасы ағаштан жасалған сол машинадан кейін «ЗиЛ», «Урал» көліктерімен жүк тасып, туып-өскен ауылына еңбек сіңіреді. Кезінде шаруашылық басшылары әр түрлі қызмет те ұсынған екен, алайда ол кәсібіне адалдық таныта жүріп зейнет жасына жетеді. Міне, содан бері де ширек ғасыр өтіпті. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат ауылдың тыныс-тіршілігіндегі өзгерістерді қалт жібермей қадағалап, әкім-қараларға ақыл-кеңесін айтып, ауылдастарын игі істерге жұмылдыруда үнемі алғы шептен табылып жүр. Ал үйде отырғанда қазыналы қария өзі тәрізді көп жасаған домбырасын қолына алып, құлақ күйін келтіріп ыңылдап ән айтуды, әйтпесе кітап оқуды ермек етеді.

— Ақан серінің, Біржан салдың, Ілия Жақановтың әндерін сүйіп орындаушы едім. Бүгінгі күні дауыс қалжырады. Әйтсе де сол әндер көңілімде сайрап тұр. Домбыра шертуді бала күнімде әкем Мұхитжан-нан үйрендім. Ол күйші еді. Тәттімбеттің «Бозайғыр» күйін боздата тартып, ара-арасында: «Далада алай-түлей боран. Қаңтарылып тұрған бозайғыр тізгінді үзіп, үйірін іздеп ақтүтек ішіне сіңіп кетті» деп күйге арқау болған оқиғаны баяндап отыратын. Жалғыз ұлым Бейімбет те өнерлі еді. Сурет салып, домбырада ән айтып, сері болып өсті. Әттең, дүниеден ерте өтіп, қайғы жамылдырды, — деп күрсінген Зарлық ақсақал: «Аққудың көз жасындай көлге тамған, Жанымды тербетесің шерге толған, Арман, арман!» — деді баяу дауыспен домбыра пернесін қағып-қағып жіберіп. Сол сәтте тыңдап отырған менің де жүрегім дір етті. Тұрсынжан Шапайдың «Арман» әні ғой. Бейімбетті мен де білуші едім. Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін айтқанда құлақ құрышын қандырушы еді…
Ақсақалдың мұңайған көңілін сергітпек болып әңгіме ауанын әдебиетке бұрдым. Отырған орнынан жер таяна көтерілген қария кітап сөресінен мұқабасы әбден ескірген, ішкі парақтары үлбіреген бірнеше кітапты алып алдыма қойды.
— Хакім Абайдың екі томдық өлеңдер жинағы, 1940 жылы латын қарпімен баспадан шыққан. Ал мына екі кітап — Мұхтар Әуезовтің 1947 жылы жарық көрген «Абай» романы. Ішіндегі ең көнесі — Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі», 1927 жылы ақынның көзі тірісінде жарық көрген. Кітап оқуға құмар еткен — әкемнің қарындасы Зәружан. Ол кісі шығыс шайыры Фирдаусидің «Шахнамесін» оқып беруші еді. Содан қызығушылығым оянып, өз бетімше латын қарпін танып, ескі кітаптарды оқи алатын халге жеттім. «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған хикаяттарды жата-жастана оқуды әдет еттім. Абай ақын «Артық білім — кітапта» дейді емес пе. Рухани дүниемді байыту үшін кітапты өмір бойы азық етіп келемін. Қазір жас ұлғайды, көп оқуға көз талады. Таяуда «Отарқа» газетінде жарияланған жазушы Мұхтар Мағауиннің Мұқағали ақын жайлы естелігін оқып шықтым. Жақсы дүние оқысаң, жаның жадырайды, — деген Зарлық ақсақал қазақ ақын-жазушылары шығармалары жайлы тағы біраз әңгіме айтып берді.
«Жақсылардың кеудесі — алтын сандық» демекші, Зарлық ақсақал көргені мен көңілге түйгенін қағазға түсіруді де машық еткен. Сонау бір жылы «Көшпендінің соңғы жекпе-жегі» деген деректі әңгімесі «Отарқа» газетінде жарық көрген еді.
— Сол жолы әңгіменің бас кейіпкері — Жанбай қарттың жиендері хабарласып ризашылық білдірді. Негізі, Төртүйдің төңірегі — тұнып тұрған тарих. Кейінгі жас ұрпақ ата-бабамыздың рухын бойына сіңіруі, ел мен жердің қадірін түсінуі үшін тарихты тарқата білуі керек, — деп Зарлық ақсақал сөзін сабақтағанда, 2020 жылы «Ежелгі қоныс — құт мекен» тарихи деректі фильмін түсіру кезінде бізге қарияның көп көмегі тигенін ілтипатпен еске алдым.
Қурайлы даласында қазақ-қалмақ шайқастарында опат болған сарбаздар жерленген ескі қорымдардың көп болғанын әңгімелеген Зарлық қария дәлел ретінде сол маңнан тауып алған көбебұзар жебенің болат ұшын көрсетіп, маңайдағы Тасмола мен Ақжарды аралатып, тарихына қанықтырған болатын.
Айтпақшы, тарих демекші, сөз болып отырған әулеттің тарихы да тереңде жатыр. Зарлық ақсақалдың руы Қаржас-Сатылған. Қаржастан шыққан әйгілі Шоман байдың шөбересі.

— Атақонысты көру арма-ным еді. Былтыр ата-баба қорымында болып, зиярат етіп қайттым. Шоман көлін, Шоман ойпатын көргенде көзіме жас іркілді. «Шорманның бақыты, Шоманның байлығы асқан» деген бұрынғылардан қалған сөз бар. Арғы атамыз Шоманға 16-17 мың жылқы біткен екен. Қазақтың соңғы ханы Кенесары ақ патшаға қарсы соғысқанда Шоман хан жарлығын екі етпей, жасағына жігіт пен жорық аттарын беріпті. Арада жылдар өтіп, қазақ даласында кеңес өкіметі орнады емес пе. Дәулетті адамдар қудаланып, мал-мүлкі тәркіленді. Әкем Мұхитжан 1929 жылы Төртүйге келіп, «Екібастұз» кеңшарында орнығады. Ал әкемнің ағасы Қалиманның баласы Рахметжан сонау 1930-шы жылдары Алматы қаласында үлкен қызметте болған. Нақақтан «халық жауы» атанып, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин тәрізді арыстармен бірге түрмеге қамалып, 1938 жылы 18 ақпанда атылған. Менің тегімнің Саржанов болуы сол Рахметжан ағамыздың баласы Саржанның атына жаздырғандықтан. Әйтпесе өз атам Дүйсенбай ғой, — деп Зарлық ақсақал ата тегі жайлы сөз қозғап, әжесі Нәжуіш Түркістанбекқызының қожалар қызы болғанын, араб-парсы тілдерін білгенін айтып, тағы бір жәдігерді — әжесінің көзіндей көріп жүрген көнерген желбауды көрсетті.
Заманында әулеттің толғағы қысқан келіндері арқан орнына керілген осы желбауға асылып дүниеге перзенттерін әкелген екен. Сөйтіп, ұрпақтан ұрпақ тарап, дәстүрі мен ділін жалғап, шаңырақтың киесі мен құтын сақтап келе жатқан әулеттің бүгінгі қариясы — Зарлық ақсақал сексен бес жасқа жетіп отыр. Бәйбішесі Төлеу Масығұтова бақилық болған, «өмірдің алды ыстық, арты суық» екенін түйсінген қарияның қазіргі алданышы да, үміті де ұл-қыздардан көрген немере-жиендері. Тілеуі де, тірегі де ұрпақтары.
— Жассерік қарағым, келгенің жөн болды. Сексеннің сеңгіріндегі көңіл-күйімді Абайдың тілімен айтқанда,
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың — ашыған у, ойың кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөз ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек», — деп сипаттар едім, — деген Зарлық ақсақалдың қоштасардағы сөзі Төртүйден ұзап кеткенше құлағымнан кетпеді.
Ж.Сәдуақас