2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп жүрген «Қазақстан барысы» турнирі ұлттық күрестің дамуына соны серпін беріп, тіптен осы тақылеттес бірнеше жобаның тууына ықпал етті. Осылайша, «Әскер барысы», «Өнер барысы» сияқты турнирлер ұйымдастырылып, әркімнің-ақ бозкілемде бағын сынап көруіне мүмкіндік жасалды. Енді, міне, «Полиция барысы» турнирі дүниеге келіп отыр. Биылғы жылы мұндай турнирдің өткізілуіне ҚР Ішкі істер министрлігі мұрындық болыпты.
24 қаңтар күні «Жасыбай» спорт кешеніне палуан полицейлер жиналды. Мұнда «Полиция барысы» турнирінің Павлодар облысы бойынша іріктеу жарысы жалауын желбіретті. Жарыстың ашылу салтанатында 14 команда сапындағы 80-ге жуық палуан сап түзеп, Әнұран ойналған соң, жарысқа қатысушыларды Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, құттықтады. Одан кейін сөз кезегі Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыржан Шәкарғалиевке берілді.

— Үстіміздегі жылы «Динамо» спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толып отыр. «Полиция барысы» турнирі осы датаны ұлықтау мақсатында өткізілуде. Бүгінгі іріктеу турнирінде жеңімпаз атанған палуандар сәуір айында Петропавл қаласында өткізілетін ақтық сынға жолдама алады, — деді Қайыржан Шәкарғалиев.

Екібастұз полиция басқармасы бастығы Төлеген Құдайбергенов жарысқа қатысушыларға, ұйымдастырушыларға алғысын айтып, демеуші болған «Гидропром» ЖШС басшысы Исламбек Құлтұмановқа ризашылық білдірді.
Мақаланыңітолық нұсқасы газеттің 30 қаңтардағы №5 санында.
Ж. Жәлелұлы