Қаңтардың 28-і күні Жастар бастамаларын дамыту орталығында колледж студенттері мен оқушыларға математика пәнінің мұғалімі Қуаныш Әмірғалиев қаржылық сауаттылық жайлы тренинг өткізді. Ол қаржыны қалай жарату, алаяқтарға алданып қалмау, несие тәртібі туралы айтып өтіп, оқушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.

Қуаныш Әмірғалиевтің айтуынша, қаржылық сауаттылық, ең алдымен, жеке мақсаттарды анықтаудан басталады. Әр адам өмірінде алға қойған мақсаттарын нақтылап, оларды жүзеге асыруға жоспар құруы қажет. Қысқа мерзімді мақсаттарға төтенше жағдайлар үшін қор жинау, орта мерзімді мақсаттарға көлік сатып алу немесе үй жөндеу, ал ұзақ мерзімді мақсаттарға зейнетке шыққанда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету немесе балаларының білім алуын қаржыландыру жатады.
— Мұндай мақсаттарға жету үшін табысты дұрыс жоспарлап, шығындарды қадағалап отыру маңызды. Көп адамдар қаржылық тәртіптің маңыздылығын түсінбейді. Күнделікті өмірде «Латте факторы» деп аталатын жағдайға тап болып жатады. Бұл — адамның ұсақ-түйек заттарға қанша ақ-ша жұмсайтынын аңғармай, нәтижесінде айтарлықтай қаржылық шығынға ұшырауы. Егер осы қаражатты ұқсатып немесе инвестицияға бағыттаса, үлкен қаржылық жетістіктерге жетуге болады, — дейді Қуаныш Айтбайұлы.
Тренинг барысында оқушылар мен студенттерге «Бюджет қалай жасалады?» атты интерактивті жаттығу ұсынылды. Жаттығуға қатысушылар белгілі бір табыс мөлшерін алып, ай сайынғы шығындарын есептеп, қандай жағдайларда қаржылық қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін талқылады. Бұл әдіс жастарға ақшаны тиімді жоспарлауды іс жүзінде үйренуге көмектесті.
Ділназ Серікбай