Күн сайын азанда көшеден көзге ең жиі түсетін адамдар — қоқыс тазалайтын жұмысшылар. Қақаған аязда да, аптап ыстықта да олар жұмысын тоқтатқан емес: айналамызды тап-тұйнақтай етумен жүреді. Алғыс пен марапат күтпестен міндетін қалтқысыз атқаратын осынау жандардың жүзінен шаршау мен реніш байқамайсың, олар шаруаларын жан-тәнімен атқаруды ғана білетіндей. Нағыз еңбек адамы кім десе, алдымен көз алдыңа келетін де осы адамдар — тазалық сақшылары.
Міне, Мәметова көшесі, 71 үй алаңында орналасқан қоқыс аймағына «Диас-Дар» ЖШС жүк көлігі кеп тоқтап жатыр. Бұл кәсіпорын ірі көлемдегі қоқыс тазалығымен айналысады. Мұндағы жұмысшылар тобын бригадир Алтын Алишева басқарады.

— Бұл кәсіптен нәпақа тауып келе жатқаныма 20 жылдан асты. «Диас-Дар» кәсіпорнында 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмыс кестеміз таңғы 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін. Түскі үзілісте демаламыз. Біздің міндетіміз — айналада шашылған ұсақ-түйек қоқысты — контейнерлерге, ірі көлемді қоқысты тиегіш техникаға салу, — дейді Алтын Жолдыбайқызы. — Өзім екі қыздың анасымын, бес жиенім бар. Басшыларым сыйлайды, еңбекақымызды уақытылы алып жүрміз.
Тазалық бригадасының жұмысшысы Қалиолла Абзолдиннің де «Диас-Дарда» еңбек етіп жүргеніне 20 жыл болыпты. Қалиолла аға жұмысы өзіне ұнайтынын айтады. Дегенмен ағаның тұрғындардың тазалық мәдениетіне қатысты айтары бар.
— Ересектер балаларды жұмсайды, балалар болса қоқысты контейнерге жеткізбей, жан-жағына шашып кетеді, — дейді ол.
Әрине, қоқыс тазалау оңай жұмыс емес. Ауа райының түрлі қолайсыздықтары бар және тұрғындар әкеп тас-тайтын қоқыстар арасында ауыр жиһаз, түрлі-түрлі зат кездеседі. Соған қарамастан тазалық сақшыларының жүздері жарқын, жұмысқа мерекеге келгендей көңілді келіпті.
Міне, Константин Кромм тізгіндеген тиегіш техника да келді. Жұмысшылар қоқыс алаңшасының қос қапталына үйілген ескі-құсқыны трактордың шөмішіне салып, одан соң қоқыс жүк көлігінің қорабына қотарылды. Константин ағайдан: «Ертең сіз зейнетке шыққанда, орныңызды басатын ізбасарлар көп бола ма, қалай ойлайсыз?» — деп сұрадық. Костя ағай: «Олар қазір де жетіп-артылады», — деді. Демек, тиегіш техника жүргізушісі болу, қазіргі жастардың тілімен айтқанда, «трендте» екен деп ой түйдік.
Бұдан кейін тазалық бригадасы Королев көшесі, 92-үй алаңындағы қоқыс аймағына жылжыды. Бұл жерде қапқа салынған қоқыс көп екен — тұрғындар әдетте мұндай ірі қоқыстарды адам аяғы басылған уақытта әкеп тастайды.
Ауладағы тазалық жұмысшыларының әр күні бір-бірінен пәлендей өзгеріссіз, осылай өтеді. Екі жұмысшысы, бір тиегіш техникасы мен бір жүк көлігі бар бригада бір күнде 19, 20, 23-шағынаудандарда орналасқан жалпы саны 20-ға жуық қоқыс аймағын ірі қоқыстан тазартып шығады.
Жалпы, «Диас-Дар» ЖШС-де 35 жол жұмысшысы, 18 жүргізуші және тракторшы еңбек етеді. Бір жақсысы, кейінгі жылдары жергілікті бюджеттен қоқыс саласына қаржының ұлғайтылуы есебінен жұмысшылар жалақысы едәуір көтерілген.
— Бізде еңбек ететін жұмысшылар қауымы — өз жұмыстарын жақсы көріп, жауапты атқаратын көңілді жандар. Үнемі қозғалыста жүретіндіктен, физикалық тұрғыда берік адамдар. Кей-кейде қатты аязда «Жұмысқа шықпай-ақ қойыңыздар», — десек те: «Үйде бос отыра алмаймыз», — дегенін естисің. Олардың адалдығын, өз жұмысына жауапкершілігін осыдан көріңіз, — дейді «Диас-Дар» ЖШС басшысы Аспандияр Тұрлыбеков.
Иә, қазіргі уақытта тұрмыс тұралатқан адамдардың бойынан реніш пен наразылықты жиі кездестіретініміз жасырын емес. Көбінесе жалақының аздығы мен несиенің көптігі сөз болып жатады. Алайда тазалық жұмысшыларынан ондай реніш пен наразылықты байқамадық. Олар қанағатшыл, қолда барына риза, қандай қиын болса да, жұмыстарын сүйіспеншілікпен атқарады. Әр күнін қуанышпен сүреді. Өмірді сүюді осынау қарапайым жандардан үйрену керек сияқты…
Ж.Әбдікәрім