Хадисте «Менің үмметім 73 ағымға бөлінеді…» деген сөз бар. Бүгінде исламның жат ағымдары жастардың бойын улап, қоғам үшін қауіпті құбылысқа айналған. Олар көбіне өз орталарына жастарды азғыруға тырысады. Соңғы кезде еліміздегі жастарға тәлім беретін ұйымдарда жат ағым өкілдерінің болуы алаңдаушылық тудыруда. Осы орайда Естай атындағы балалар музыка мектебінде спортшылармен, жаттықтырушылармен дін мәселесіне қатысты кездесу өтті. Кездесуді облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов жүргізді.
Балтабай Маданиятұлы жиналғандарды теріс ағымдардан сақтандыра келе, оны анықтау, балаларды қорғау жолын айтты:
— Бәріңіз жасөспірімдермен жұмыс істейсіздер. Егер олар мектептен соң тағдырын дінмен байланыстырып, діни оқу оқимын десе, Павлодар қаласындағы Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжіне немесе Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетіне түсуіне болады. Бұл оқу орындарын бітірушілерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.
Ескерте кететін жай, жоғарыдағы колледжден басқа, Екібастұз қаласында, Павлодар облысында рұқсат етілген діни оқу жоқ. Талапқа сай келмеген медресе-пансионаттар жабылды. Атап айтсақ, 2023 жылы «Мұрагер» пансионатындағы заңсыздықтар жойылған. 2024 жылы заң бұзушылар қатарына облыстағы тағы 3 пансионат қосылып, сот шешімімен жұмысын тоқтатты.
Кездесуде киберқауіпсіздікті сақтау, баланы патриоттық рухта тәрбиелеу жайы да баяндалды.
Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан жасөспірімнің қызығушылығын, араласатын ортасын ата-анасы біліп отырғаны жөн. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі әрекеттеріне де абай болу керек. Қылмыстық кодекстің 174, 256-баптары бойынша, яғни, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғаны үшін не терроризмді насихаттап, не терроризм жасауға үндегені үшін деген баппен сотталған азаматтардың ішінде білместікпен от басқандары аз емес. Діни ұйымдардан тыс жерде діни ақпараттар мен басылымдарды таратып, насихаттауға да тыйым салынған. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабына сәйкес ірі көлемде айыппұл тартады.

Осы тұста Павлодар облысы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлназ Раздықова мына жайды да ескертті:
— Әдетте нақты мерзім кесіліп сотталған әйелдің жазасы балалары есейгенше кейінге қалдырылады. Терроризмді насихаттау немесе террорлық әрекет жасауға үндеу баптарымен сотталған әйелде мұндай мүмкіндік болмайды. Әлеуметтік желідегі теріс қылығы үшін ол сәбиінің балалық шағын да көрмеуі мүмкін.
Әлеуметтік желілердегі кейбір бейнероликтерге қатысты спикерлер бірқаталар ескертулер жасады. Мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдары ғимараттарында діни рәсімдерді өткізуге (құлшылық жасау) болмайды. Бұл туралы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 7-бабында көрсетілген. Мұғалім не жаттықтырушы тәлімгерінің дінге қатысты мәселелеріне кеңес бермегені дұрыс. Жасөспірім діни ақпаратты ата-анасынан не ата-анасының қалауымен дін қызметкерінен алғаны жөн.
Шара барысында жиналғандарға Қазақстандағы тыйым салынған шетелдік террористік құрылымдардың тізімі жазылған жаднамалар таратылды.
Г.ҚУАТ