Өткен аптада қаламызға Мәскеу заманауи көркемөнер театры гастрольдік сапармен келіп, Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісімен әзірленген «РаскольникOFF» спектаклін қойды. Аншлагпен өткен қойылымға жарнамаға аты жазылған танымал актриса Елена Проклованың келмей қалуы көрермен көңіліне кірбің түсіргенімен, спектакльдің сапасына мұның еш әсері болған жоқ. Есесіне басты рөлден екібастұздықтар талай атақты сериал арқылы танылған Иван Николаевты көріп мәре-сәре болды.
Иван да көрермен үмітін ақтап, Ро-дион Раскольниковтің рөлін жан-тәнімен ойнап, жұртшылықты шығарманың өн бойына кіргізіп жіберді. Жалпы, жарнамада аты-жөні көрсетілген актерлердің екеуі ғана келіпті: бірі — Иван Николаев, екіншісі тура қойылым өткен күні туған күнін атап өткен Владимир Большов.
… Кедей студент Раскольников адамдардың екі түрі болатыны жайлы қағида ойлап табады: бірі — қалыпты адамдар — жай ғана тіршілік етуші һәм бағынышты жандар, екінші тобы — қалыпқа сыймайтын, яғни, қоғам игілігіне пайда тигізеді дерлік кез келген қылмысқа бара алатын адамдар. Осы қағидасын мақала етіп жазып, Родион еңбегін баспаға тапсырады. Онысы кейін жарыққа шығады да.


Өзін осы адамдардың кейінгі тобына жатқызатын Родион аса сараң да жағымсыз, жұрттың асыл бұйымдарын кепілге қабылдайтын өсімқор әйелді балтамен ұрып өлтіреді. Осылайша, ол өзінің қалыпқа сыймайтын адам екенін дәлелдегісі келеді. Кісі өлтіру адамшылықтың шеңберіне еш сыймайтын әрекет болса да, көрермен Родионды жек көре алмайды, қайта оның тергеушілер қолына түсіп қалмауын тілеп отырғандай. Өйткені жұмыссыз сыбай-салтаң жүргені ұнамсыз көрінгенімен, жас жігіттің бойында жақсы қасиеттер жетіп артылады. Раскольниковтің туғандарына жанашырлығы, әсіресе, қарындасына деген бауырмалдығы көрерменді бей-жай қалдырмайды. Айналып-үйіріліп жанына келе беретін студент досы Разумихин де кісілігі ерекше жан. Ол Родионға бірде «жұмыс істесеңші» деп ақыл берсе, енді бірде оны тамақтандырып-киіндіріп те кетеді.
Жоқшылық зардабынан Родионның қарындасы Дуня күйеуге шыққалы отырған Петр Лужиннің бойындағы тәкаппарлық, тергеу приставы Порфирий Петровичтің байқампаздығы мен сұңғылалығы да көрермен назарынан тыс қалмады. Басылымнан Родионның мақаласын оқып алған көзі ашық, көкірегі ояу Порфирий Петровичке қарап отырып, «Бұл кісі енді Родионның кісі өлтіргенін біліп қояды-ау!» деген қорқынышта боласың.
Екі жарым сағатқа созылған қойылым зеріктірмес үшін режиссёр философияны заманауи элементтермен ұштастырып отырды. Мәселен, Раскольниковтің санасын кернеген ойлар нөпірі қара жамылғы жамылған бейнелер арқылы берілген. Дегенмен оқыстан тарс еткен дыбыс пен актерлер үнін тұншықтырған тым қатты фондық музыка көңілге онша қонбады.

Жалпы, режиссурада ескі шығармаға заманауи элемент енгізу шешімін былтыр Қарағанды театрының репертуарынан да көргенбіз. Шыны керек, драмаға өзек болған әдеби шығарманы оқыған зиялы буын драмаға енгізілген заманауи элементтің бәрін бірдей қабылдауға дайын емес сияқты. Бірақ «РаскольникOFF» сияқты ұзақ әрі мазмұны пәлсапалық қойылымда онсыз көрерменді осыншама уақыт ұстап тұру оңай емесі анық…
Жалпы, бұл қойылымнан нағыз кәсіби театр атмосферасын сезіндік, тіпті кино көргендей әсер алдық.
Пәлсапалық-психологиялық жанрдағы «Қылмыс пен жаза» романы 1866 жылы жазылғанымен, ондағы адам бойынан кездесетін алуан болмыс пен мінез-құлық сипаттары һәм әлеуметтік ахуал бүгінгі қоғамның көшірмесіндей болып көрінді. Сахнада болып жатқан әрекеттер мен құбылыстардың бәрі біздің өмірімізде бар. Тіпті маскүнем Мармеладовтың қалтасындағы соңғы тиынды сарқып ішуі, оның әйелі Катерина Ивановнаны қысқан ашу-ыза да бізге соншалықты таныс көрінді. Бір сөзбен айтқанда, әдеби мұра қанша уақыт өтсе де өз құндылығын жоймаған. Сөз құдіреті, өнер құдіреті деген де осы болса керек…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА