Бос уақытыңызда сурет салуды не кітап оқығанды ұнатасыз ба? Мүмкін сіздің жаныңызға сумоншақтан әшекей жасау немесе киім тігу жақын шығар. Қалай болғанда да әр адамға өзі таңдаған сүйікті ісі рахат сыйлайтыны анық. Көп жағдайда хоббиін таба білген адамдар күнделікті өмірден жалығу, күйзелу сияқты сезімдерден бойын аулақ ұстайды екен.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы жуырда медициналық, политехникалық және ЕКИнЕУ колледжі студенттерін «Камила» сауда үйінде орналасқан «CERAMISTA» қыш бұйымдар шеберханасына шақырды. Студия иесі Расиля Латыпова студенттерге шеберлік сағатын өткізді.
Р.Латыпованың негізгі мамандығы — бастауыш сынып мұғалімі. Ол бірнеше жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде балаларды мектепке дайындау орталығын ашқан болатын. Былтырдан бері қыш бұйымдар жасайтын дамыту орталығын ашуды жолға қойып, бүгінде соны кәсіпке айналдырып отыр. Қыш өңдей білу үшін Астана қаласындағы өнер академиясында арнайы маманнан бұйымдарды жасау техникаларын үйренді, құрал-жабдықтар сатып алды. Шығармашылық жұмыстармен осыған дейін де айналысып жүрген кәсіпкерге бұл қиындық тудырмапты. Айта кетсек, әзірге «CERAMISTA» шеберханасы — қыш бұйымдар жасауға үйрететін қаламыздағы жалғыз студия.



Кез келген саз балшық қыш бұйым жасауға жарамайды. Сондықтан Расиля қыш бұйымдарға қажетті шикізаттың сапасына аса қатты мән береді. Қыш құмыра жасауға Қапшағай қаласының, Түркияның саз балшығын алдырады екен. Өзіміздің қаламыздың саз балшығын да пайдаланады. Бірақ ол түйіршікті болып келетіндіктен, көбіне балалардың қолын үйретуге, сондай-ақ, ұсақ заттар жасауға қолданады.
Студияға 6-15 жас аралығындағы балалардан құралған 2 топ кезекпен келеді. Одан басқа 30-50 жас аралығындағы бір ересектер тобы бар. Балалар жүрекше, тәрелке, жапырақшаларды кескіндесе, ересектер қыш көзе, бокал, үйшік жасапты. Аяқталған жұмыстар сәтті шықса, қатысушының қалауымен арнайы пеште күйдіріліп, боялады.
— Хобби өз алдына, саз балшықпен жұмыс істеу баланың ұсақ моторикасын дамытуға ықпал етеді. Әсіресе, тілі толық жетілмеген балалар үшін аса пайдалы. Алдыма келген осындай балалардың жақсы нәтиже беріп жатқандары бар. Тағы бір пайдасы — баланы еңбекке үйретіп, шағырмашылығын шыңдайды, — дейді шебер Расиля Жаудатқызы.


Қатысушылар студия ережесімен танысып болған соң, үстел басына жайғасты. Бұдан соң шебердің көрсетуімен балшықты икемдеп, оқтаумен жайып алды да, жануар кейпіндегі брелокты кескіндеді. Шебер әрқайсысының жанына барып, қалай сызу, кесу керегін түсіндірді. Студенттер өзіне тиген жұдырықтай балшықтан бұйым жасау ісіне жан-тәнімен кірісті.
«Бұл өте қызықты жұмыс болып шықты. Басында қолдарым сәл жатырқағанымен, сәлден соң қайда отырғаныңды ұмытып, қызығына түсіп кетеді екенсің», — дейді ЖБДО инспекторы Бақыт Болатова.
Брелок жасап болған соң, Расиля Жаудатқызы айналмалы шеңберді іске қосып, жастарға құмыра жасау техникасын көрсетті. Содан соң оны әрі қарай қалай өңдеуге болатынын айтып, бояу әдістерін таныстырды.
Шара соңында студенттер Расиля Латыповаға алғыстарын білдірді. Шеберге Жастар бастамаларын қолдау орталығының алғыс хаты мен сыйлық табысталды.
Гүлсана Медеубайтегі