Бала күнімнен спорттың ойын түрлерін ұнатқан мен үшін волейбол, баскетболдан өтетін жарыстарды тамашалау бір ғанибет. Уақыт бөліп, 10 қаңтар күні №1 балалар мен жасөспірімдер спорты мектебіне бардым. Мұнда қыздар арасында волейболдан қысқы ел чемпионатының ақтық кезеңінің ойындары болып жатқанын естіген едім. Сыртқы есікті ашып, табалдырықтан аттағанда жанкүйерлердің у-шуы құлақ тұндырды. Алаң ортасында керілген тордың екі жағындағы қос команда ойын көрігін қыздырып жатыр екен.
— Біздің қыздар қызылордалық қыздармен бесінші орынға таласып жатыр. Осыдан соң жүлделі орындар үшін ойындар өтеді, — деген №1 БЖСМ директоры Уахит Мерғалымұлы Павлодар облысы командасы құрамында екібастұздық волейболшы қыздардың да бар екенін айта келе, команданың топтық ойындарда екі рет жеңіліс тапқан соң жүлдеге таласудан шеттеп қалғанына қынжылыс білдірді.

Екеуара әңгіме кезінде алаңда жан алысып, жан беріскен ойын жалғасуда еді. Алғашқы екі партияда ұтқан біздің команда үшінші партияда ұтылып, төртінші партияда тағы да жеңіліп, таразы басы теңесіп үлгерді. Соңғы шешуші бесінші партияда біз үшін ойын тағдыры қыл үстінде тұрған сәттер де болып, әйтеуір әупірімдеп жүріп жеңіске қол жеткіздік. Сөйтіп, Павлодар облысы қыздары бесінші орынды қанағат тұтты.
Бұдан соң жүлделі үшінші орынды Жетісу мен Ақтөбе облыстары командалары сарапқа салды. Аталмыш ойын да шиеленісті өтіп, 3:1 есебімен Жетісу облысы командасының жеңісімен аяқталды. Жеңімпаз команда сапында 14-нөмірлі Сабина қыз ерекше көзге түсті.
— Сабинаның келешегінен зор үміт күтемін. Өзге шәкірттерімнің де бүгінгі шеберлігіне көңілім толды, — дейді команданың бас жаттықтырушысы Ақерке Шәкен әңгімесінде.
Волейбол сүйген қауым жақсы біледі, талдықорғандық «Жетісу» әйелдер командасының дәстүрі мықты, заманауи спорттық базасы бар. Алдыңғы буынның ойынын тамашалап, соларға ұқсап бағуға ұмтылған жас қыздардан да ертеңгі күні шебер волейболшылар өсіп шығары күмәнсіз. Айтпақшы, осы команда 2024 жылғы жазғы чемпионатта да жүлделі ІІІ орынды иеленген екен.

Үшінші орын үшін ойын жүріп жатқанда залға Шығыс Қазақстан облысы командасы келіп енді. Аталмыш команда Солтүстік Қазақстан облысы командасымен чемпиондық үшін ойнауға әзірлікке кірісті. Шығыс қыздарын қос бапкер: Ерасыл Қибатудинов пен Ерғанат Ғалым жаттықтырады екен.
— Командада қазақ қыздары көп екенін байқадым. Болашақ чемпиондар ғой, — деп сөзге тартып едім, жаттықтырушы Ерасыл Қибатудинов: «Біздің жақта волейбол — сүйікті спорт түрі. Ата-аналар ұл-қыздарын спорт секциясына ықыласпен береді», — деп, жас қыздар командасының былтырғы жазғы чемпионатта жеңімпаз атанып, ал күзгі чемпионтта үшінші орын еншілегенін айтып берді.
Шеберлігі шыңдалған шығыс қыздары ақтық ойында басымдық көрсетті. «Берел», алға, биіктерге самға!» деп дауыстары жер жарған қосалқы құрамдағы қыздар дем берген негізгі құрам үш партияда да жеңіске жетті. Команда капитаны 7-нөмірлі Алема Садықбекқызы алаңда жасындай жарқырады.
Енді 2012-2013 жылдары туған қыздар арасындағы Қазақстан Республикасы қысқы чемпионатының қорытындысы туралы айтар болсақ, оған қатысқан 18 команда арасында Шығыс Қазақстан облысы командасы топ жарды. Жүлделі ІІ орын Солтүстік Қазақстан облысы командасына бұйырды. Жетісу облысы командасы ІІІ орынды қанағат тұтты. Жүлдегер командаларға республикалық волейбол федерациясы атынан кубоктар, ойыншыларға медальдар табыс етілді.
Ж. Жәлелұлы